10 қараша күні Қазақстанда «Қиындықтардан – АИТВ-ға жауап ретінде өзгерістер» ақпараттық кампаниясы басталды. Бұл кампания жыл сайын 1 желтоқсанда аталып өтетін Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай ұйымдастырылған.
Кампания 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Оның ұраны қоғамның АИТВ-ның алдын алу жүйесін нығайтуға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сапасын жақсартуға және АИТВ індетін жоюға арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізуге деген ұмтылысын білдіреді.
Атаулы күн қарсаңында Қарағанды облыстық ЖИТС орталығы АИТВ-ны диагностикалау, емдеу және алдын алу бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп отыр.
Атап айтқанда, облыста АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 92%-ы антиретровирустық терапия (АРТ) алады; ем қабылдап жүргендердің 96%-ында вирус жүктемесі басылған; жүкті әйелдердің 99,9%-ы АИТВ-ға тексеруден өтті.
Бұл жетістіктер көпсалалы мамандар тобының үйлесімді жұмысының және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды қолдайтын үкіметтік емес ұйымдармен серіктестіктің нәтижесінде мүмкін болды.
Айта кету керек, елімізде антиретровирустық терапия тегін ұсынылады, АИТВ-ға тестілеу де тегін әрі жасырын түрде жүргізіледі. Мемлекеттің бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы АИТВ-ға қарсы іс-қимылдың тұрақты ұлттық жүйесін қалыптастырып отыр.
Кампания аясында Қарағанды облыстық ЖИТС орталығы студенттер арасында АИТВ-ның алдын алу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигманың жол берілмеуі тақырыбында видеоролик дайындауға шығармашылық байқау жариялады; жоғары сынып оқушылары арасында волейболдан спорттық жарыстар өткізу жоспарланған; сондай-ақ жастарға жауапкершілік пен саналы таңдау жасау маңызын жеткізу мақсатында АИТВ-мен өмір сүретін адамдар, медиа тұлғалар және ЖИТС орталығының мамандары қатысатын «ВИЧеринка» іс-шарасы өтеді.
Сонымен қатар, қоғамның АИТВ туралы хабардарлығын арттыру бағытында профилактикалық акциялар, дәрістер және интерактивті кездесулер ұйымдастырылады. Іс-шаралар студенттердің жастар одақтарымен, ҮЕҰ-дармен, жастар денсаулығы орталықтарымен, азаматтық белсенділермен және еріктілермен бірлесе өткізіледі.
Қарағанды облыстық ЖИТС орталығының баспасөз қызметі
