Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресі жөніндегі орталығында 1 желтоқсанда атап өтілетін Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Баспасөз мәслихатын ашқан ЖИТС орталығының директоры Бейбіт Сағымбаев облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат берді: «Қазіргі таңда 4215 АИТВ жұқтырған адам диспансерлік есепте тұр. Ағымдағы жылдың 10 айында инфекцияның 340 жаңа жағдайы анықталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64 адамға аз. Аурудың төмендеу тенденциясы көңіл қуантады, өйткені Қарағанды облысы АИТВ-инфекциясын жұқтыру бойынша жоғары аймақтардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, қолға алынған шаралардың арқасында АИТВ жұқпасын жұқтырған аналардан туған 29 сәбидің дені сау. Қазіргі уақытта біздің пациенттеріміздің 91%-ы арнайы терапияны қабылдағанның арқасында жақсы нәтиже көрсетуде».
Баспасөз мәслихатына келген БАҚ өкілдері ЖИТС орталығының жұмысы, АИТВ-инфекциясының алдын алу және ақпараттандыру бойынша халықпен өзара іс-қимыл, жаңа препараттарды қолдану, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық, стигматизацияға қарсы шаралар және құқықтарды қорғау бойынша сұрақтар қойды.
Эпидемиология бөлімшесі, емдеу бөлімшесі және алдын алу бөлімшесінің басшылары қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
2024 жылғы Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күнінің ұраны – «Дұрыс жолды таңдау –бұл, адам құқықтары жолы!». Сондықтан, кездесуде пациенттердің құқығын қорғау тақырыбы өзекті болды.
«Бізге заңдық негізі жоқ, яғни Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатын жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығының бұзылуы орын алған үшінші тұлғаның АИТВ-ны жұқтыру статусын жария етуіне қатысты өтініштер келіп түседі. АИТВ инфекциясын жұқтырған адам өз диагнозын біле тұра, әдейі басқа адамға жұқтырған кезде адам құқытарының неғұрлым ауыр бұзылуы орын алады. Мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің аясында қарастырылады», – деп түсіндірді ЖИТС орталығының заңгері Қуаныш Нұрғалиев.
Баспасөз мәслихатының соңында ұйымдастырушылар Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні қарсаңында өтетін іс-шаралар жоспарымен бөлісті.