Халыққа медициналық көмек көрсетуді бақылау және АИТВ инфекциясының таралуының алдын алу шараларын іске асыру жөніндегі жоспарлы жұмыстар аясында 2025 жылғы маусым айында Қарағанды облысының Нұра ауданына сапар ұйымдастырылды.
Сапардың мақсаты – аудандық емхана, стационар және босану бөлімшесінде нормативтік талаптардың сақталуын тексеру, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін консультациялық көмек және оқыту семинарын өткізу болды.
Мониторинг барысында ерекше назар эпидемиологиялық және клиникалық көрсеткіштерге сәйкес пациенттерді АИТВ-ға тестілеуге жолдаудың тәртібін, этикалық нормалар мен заңнаманың сақталуын бақылауға аударылды.
Стационар мен босану бөлімшесінде қажетті ресурстардың – антиретровирустық препараттардың (АРТ-препараттар), балаларға арналған сүт қоспаларының, АИТВ-ны анықтауға арналған экспресс-тесттердің – бар-жоғы тексерілді. Барлық қажетті заттар жеткілікті көлемде, медициналық мекемелердің қамтамасыз етілуі қанағаттанарлық деңгейде деп танылды.
Қосымша ретінде орта медициналық персоналдың – әсіресе мейіргерлердің – биологиялық сұйықтықтармен байланыс сияқты төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмін білу деңгейі тексерілді. Мейіргерлер қажетті дайындық деңгейін көрсетті.
Сапар аясында ауданның 40 медицина қызметкерінің қатысуымен оқыту семинары өткізілді. Семинар бағдарламасында 2025 жылдың алғашқы бес айындағы АИТВ инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай, АИТВ-ның алдын алу және емдеу бойынша өзекті нормативтік-құқықтық актілер мен талаптар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікке жол бермеу қағидаттары, сондай-ақ медицина қызметкерлерін АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша «Жол картасына» сәйкес оқыту қарастырылды.
Нұра ауданына сапар барысында жергілікті жағдайға баға беріліп, тестілеу мен емдеу стандарттарының сақталуы бақылауға алынды, сонымен қатар медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік туды. Бұл бағыттағы жұмыстар АИТВ инфекциясының алдын алу мен емдеуге кешенді көзқарасты қамтамасыз ету мақсатында жалғасын табатын болады.
