Skip to content
Главная страница » ЖҚТБ-дан қайтыс болғандарды Еске алу күніне орай

ЖҚТБ-дан қайтыс болғандарды Еске алу күніне орай

Қарағанды облысында АИТВ жұқтырған науқастардың 93%-ы төменгі вирустық жүктемемен өмір сүруде

Әлемде әр мамырдың үшінші жексенбісінде ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алады. Бұл күн – АИТВ инфекциясының алдын алудың маңыздылығын еске салып, осы инфекциямен өмір сүретін адамдардың құқықтарын қорғауға және қолдауға шақыратын белгі. Қарағанды облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы осы күнге орай өз жұмысының нәтижелерін қорытындылап, адам өзінің денсаулығын сақтауда және вирустың таралуына қарсы тұруда басты рөл атқаратынын еске салады.

Көпжылдық жүйелі жұмыс орталыққа негізгі бағыттар бойынша елеулі жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Халықтың орталыққа деген сенімі артып келеді, бұл өз еркімен АИТВ-ге тест тапсырып жатқандардың санының артуынан көрініс табуда. 2024 жылы өңірде шамамен 350 000 тұрғын өз АИТВ-статусын білді. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. 2025 жылдың басынан бері облыста АИТВ жұқпасының 157 жаңа жағдайы анықталды, бұл тестілеуді тұрақты жүргізудің маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде АИТВ жұқтырған адамдардың 90%-ы өз статусын біледі.

АИТВ жұқтырғандардың 92%-дан астамы антиретровирустық терапия (АРТ) қабылдап жүр, олардың ішінде 93%-ының вирустық жүктемесі басылған. Арнайы алдын алу шаралары есірткі қолданатын және жыныстық қызмет көрсететін адамдар арасында АИТВ жұқпасының алдын алуға, ерте анықтауға және емдеуге ықпал етеді.

Жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерінің АИТВ-инфекциясының міндетті скринингі вирустың тік берілу жағдайларын азайта отырып, дені сау баланың тууы үшін уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Осы күн қарсаңында Қарағанды облыстық ЖИТС орталығының директоры Бейбіт Сағымбаев былай деді:

«Әрбір құтқарылған өмір – бұл бүкіл ұжымымыздың еңбегінің нәтижесі. Біз тек емдеп қана қоймаймыз, адамдарға сенім мен болашақ сыйлаймыз. Бүгін біз өмірден өткендерді еске алып, аурумен күресіп, денсаулығын сақтауға бел буғандардың жолын жалғастырамыз».

Орталық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – қоғамда АИТВ жұқтырған адамдарға деген толерантты көзқарасты қалыптастыру. Тек ағарту жұмыстары арқылы АИТВ-мен өмір сүретін адамдар әлі де бетпе-бет келіп жүрген стигма мен кемсітушілікті жеңуге болады. Жыл сайын тұрғындар арасында 600-ден астам профилактикалық іс-шара өткізіліп, осы маңызды тақырып міндетті түрде қозғалады.

Орталықта АИТВ жұқтырған адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға ерекше мән беріледі. Науқастар өз мәселесімен жалғыз қалмайды: оларға әрдайым заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкер және тең консультанттар көмек көрсетуге дайын.

АИТВ-нің әлем бойынша таралуы үлкен шығындарға әкелді, бірақ ғылым мен медицинаның жетістіктері миллиондаған адамға ұзақ және толыққанды өмір сүруге мүмкіндік берді. Бүгін біз жақындарынан айырылғандарға, АИТВ-мен өмір сүріп жатқандарға және ЖИТС-сыз болашаққа ұмтылатындарға өз қолдауымызды білдіреміз.

Қарағанды облыстық ЖИТС орталығының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *