АИТВ иммундық жауапты реттейтін лимфоцит-хелперлерді (хелпер-көмекші) зақымдайды. Бұл жасушалардың өлімі иммундық жүйенің бұзылысын – оның шамадан тыс белсендірілуіне және сонымен бірге патогендік микроорганизмдерге қарсы тұра алмауына алып келеді.
АИТВ жұқтырғаннан соң алғашқы апталарында иммундық жүйеге қатты соққы тиеді, бірақ иммунитеттің төмендеу белгілері орта есеппен 8-10 жылдан кейін жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) түрінде пайда болады. Бұл лимфоцит – хелперлердің орнын басып отыратын иммундық жүйе таусылып және вирусқа қарсы тұра алмағанда болатын жағдай.
АИТВ ретровирустар туыстастығына, лентивирустар тұқымдастығына жатады. АИТВ бөлшектерінде РНҚ-ның екі көшірмесі түріндегі геном бар, ол вирус жасушаға енгеннен кейін ДНҚ-ға айналады. Бұл ДНҚ вирус арқылы иесі жасушаның ДНҚ-сына енгізіледі және жасуша өлгенге дейін сол жерде қалады.
АИТВ қан арқылы, жыныстық қатынас арқылы немесе тікелей анадан балаға жұғады. Күнделікті өмірде сүю, тістеу және қол алысу арқылы АИТВ жұқпайды. Оны масалар таратпайды. Жыныстық қатынас арқылы АИТВ жұқпасының алдын алудың сенімді әдісі мүшеқап болып табылады.
АИТВ репликациясын тоқтату үшін 20-дан астам дәрі жасалды (кез келген басқа вирустарға қарағанда көбірек). Антиретровирустық терапия қандағы вирустың мөлшерін анықталмайтын деңгейге дейін төмендетеді және СПИД-тің алдын алады. Сондай-ақ, ARV терапиясы вирустың серіктеске немесе анадан балаға берілуін айтарлықтай азайтады.
Жасушаның ДНҚ-на интеграцияланған АИТВ кейде ешқандай түрде өзін көрсетпейтін жасырын түрге өтеді, сондықтан оған дәрілер де, иммундық жүйе де әсер ете алмайды. Бұл жасырын түрде ол көптеген жылдар бойы өмір сүре алады.
Жасырын вирустардың кесірінен АИТВ-ға қарсы дәрілерді өмір бойы қабылдауға тура келеді. Дәрі қабылдауды тоқтатқан адамның ағзасында вирус өзінің жасырын түрін тастап, ауру қайтадан дамиды.
АИТВ генетикалық тұрғыдан өте икемді, бұл оның иммундық жауаптан жалтаруына, сондай-ақ дәрі-дәрмектерге төзімділік пайда болуына алып келеді. Емдеу кезінде дәрі-дәрмекке төзімділікті болдырмау үшін бір уақытта үш дәріні – аралас ARV терапиясын қолданады.